Әлемнің ең беделді Tata Steel chess tournament 2019 шахмат турнирінде алғаш рет Қазақстан намысын аруымыз қорғайтын болды, деп жазады Elitar.kz.
Қазақстанның ең белгілі шахматшысы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова – Қазақстанның әлемнің ең мықты супертурниріне қатысатын алғашқы шахматшысы.
Tata Steel chess tournament – әлемнің ең ежелгі және ең абыройлы шахмат турнирі, ол 1937 жылдан бері өтіп келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде Голландияның Вейк-ан-Зее қалашығында, Амстердам қаласынан 20 шақырым жерде болады.
Халықаралық турнир 2019 жылдың 11-27 қаңтары аралығында өтеді. Шахмат фестивалі 2 айналым турнирінен тұрады, ал үшіншісі – жалпы турнир. Айналым турнирлеріне ойыншылар тек шақыртумен қатыса алады. Егер А турнирінде қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсенпен қоса ерлер элитасы ойнаса, Б турниріне рейтингі 2500-ден жоғары, белгілі және талантты шахматшылар қатысады.
Бұл таңдаулы турнирге қатысуға шақыру алу шахматшылар үшін асқан абырой, себебі оған дүние жүзінен тек ең мықты гроссмейстерлері мен өте таланатты жас ойыншылар ғана қатысады.
Tata Steel Challengers айналым турнирінің құрамында (Б тобы) 14 шахматшы қатысады, олардың екеуі арулар: Антон Коробов (Украина), Пархам Магсудлу (Иран), Владислав Ковалев (Беларусь), Евгений Бареев (Канада), Эрвин Л’Ами (Нидерланды), Бенджамин Гледура (Венгрия), Максим Чигаев (Ресей), Андрей Есипенко (Ресей), Рамешбабу Праггнанандха (Үндістан), Винсент Каймер (Германия), Лукас ван Форест (Нидерланды), Элизабет Петц (Германия), Динара Сәдуақасова (Қазақстан) және Стефан Кейперс (Нидерланды).
«Бұл таңдаулы турнирге қатысуға шақырту алып, әлемнің ең мықты гроссмейстерлерімен бірге ойнау мен үшін үлкен абырой, бұл бір шахмат «Уимблдоны» сияқты. Турнирдің орташа рейтингі аса жоғары – 2582. Мен қатысқалы отырған Tata Steel Challengers турнирінің құрамы өте мықты. 14 ойыншының арасында Антон Коробов, Владислав Ковалев, Эрвин Л’Ами сияқты мықты гроссмейстерлер, 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы қазіргі әлем чемпионы, ирандық Пархам Магсудлу, Үндістан мен Германияның жас шахмат вундеркиндтері Рамешбабу Праггнанандха мен Винсент Каймер және тағы да басқа мықты ойыншылар бар. Мен өз мүмкіндігімді ашып ойнап, барынша жоғары нәтиже көрсетемін деп сенемін» - деді Динара Сәдуақасова.