Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғыны өзі жұмыс істейтін мейрамханаға ұрлыққа түскен. Бұл туралы полицияға ресторан иесі арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу мейрамханаға есігін бұзу арқылы заңсыз кіріп, теледидар, дыбыс күшейткіш және колонка аппараттарын жымқырып кеткен. Кәсіпкерге 1 миллион теңгеден астам шығын келген.
«Ер кісі мейрамханада техникалық құралдарға жауапты адам болып жұмыс жасаған. Ақшадан қиналған ол жұмыс орнында ешкімнің жоқтығын пайдаланып, арам ойын жүзеге асырған. Қолды қылған заттарды танысына сатып жіберген. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.