ҰҚК Павлодар облысының әкіміне қандай айып тағылғанын мәлімдеді

16 қаңтар, 17:38

ҚР Ұлттық қауіпіздік комитеті Павлодар облысының әкімінің ұсталуына қатысты ресми мәлімдеме жасады.

"Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Б. Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттіліктерін асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК 362-бабы 2-бөлімі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Осы кезеңде толық деректер тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды" делінген ҰҚК ресми сайтында жария етілген ақпаратта.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Павлодар облысы басшысының әкімдіктегі жиналыс кезінде қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Алайда кейінірек әкімдіктің баспасөз қызметі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған облыс әкімінің ұсталғаны туралы ақпаратты растамады. Тіпті әкімнің баспасөз хатшысы Б.Бақауовтың жұмыс барысымен сапарда екенін мәлімдеген болатын.