Елімізде 125 мың бала колледжде білім алу үшін грантқа ие болған. Осылайша тегін оқу мүмкіндігіне ие болғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 45 мыңға артып отыр. Орта арнаулы оқу орындарына барлығы 183 мыңнан астам адам оқуға түсті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
«Колледждерде білім алуға берілетін гранттар саны жыл сайын артып келеді. Президенттің тапсырмасы аясында 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға беріледі. Мысалы, биылдың өзінде 52 мыңнан астам студент оқуға түсу кезінде инженерия, өңдеуші және құрылыс саласы сияқты мамандықтарды таңдады. Сонымен қатар биыл 8 мыңға жуық студент алғаш рет жұмысқа орналасу міндеттемесі бар кәсіпорындардың өтініші бойынша мақсатты оқыту аясында грант алды. Мақсатты мемлекеттік тапсырыс колледждерге еңбек нарығының сұранысы бойынша кадрлар дайындауға мүмкіндік береді. Яғни балалар оқуды аяқтаған соң бірден жұмысқа орналасады», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.