Қазақстанда тағы 5 жоғары оқу орнының лицензиясы тоқтатылмақ

11 желтоқсан, 11:00

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде тағы 5 жоғары оқу орнының лицензиясының тоқтатылуы туралы айтты.

"Біз бұған дейін 5 жоғары оқу орнының лицензиясының тоқтатылғаны туралы айтқан болатынбыз. Қазір біз жоғары оқу орындарында қосымша тексерулер жүргізудеміз және олардың нәтижелері бойынша біз тағы бес ЖОО бойынша шешім қабылдадық. Олар бойынша біз де лицензияны тоқтатамыз. Заң бойынша олардың бұл шешімге шағым жасауына 10 күні бар", - деді ол.

Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарының атауларын әзірге жария ете алмайтынын, себебі сот шешіміне шағымдануы мүмкін екенін айтты. Министр сондай-ақ, оқу орындары тексерілгеннен кейін көптеген бұзушылықтар анықталғанын атап өтті.

"ЖОО бойынша көптеген мәселелер бар. Бірінші курсқа бес студент келіп түскен болса, оқуды 150 түлек бітірген жайттар бар. Екінші, үшінші курста ондай оқу орындары басқа жоғары оқу орындарында оқудан шығарылған студенттерді жинайды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, біз жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды күшейтеміз. Жоғары білім беру саласында тәртіп орнату үшін қосымша тетіктер енгізілетін болады", - деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың қарашасында тексеру жүргізілгеннен кейін Білім және ғылым министрлігі бес жоғары оқу орнының лицензиясы тоқтатылғаны туралы хабарлады. Олар:
- Шымкент Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті;
- Павлодар Инновациялық Еуразия университеті;
- "Алматы" университеті ;
- Өскемендегі Қазақстан-Американдық еркін университеті;
- Ақтөбе қаласындағы Қазақ-орыс Халықаралық университеті.