03 қаңтар, 13:00
Өткен жылдың соңында Түркістан облысының полициясына екі ер адамның өрт сөндіруші саласының қызметкерімін деп кафе мен дүкендердің иелерінен ақша алып кеткені туралы хабар келіп түсті.
2018 жылдың 29 желтоқсанында Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті кәсіпкерлер арызданған .
Отырар ПБ-нің қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында жергілікті дүкендердің бірінде екі күдіктіні құрықтады. Олар Шымкент пен Жамбыл облысының тұрғындары болып шықты.
Тергеу барысында ұсталған азаматтар фирмалардың бірінде желдету құбырларын тазалағышпен жұмыс істейтіні анықталды. Бүгінгі таңда олардың 3 алаяқтық фактісіне қатыстылығы дәлелденді.
Қазіргі уақытта күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып бақылауға алынды. ҚР ҚК 190-бабы "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция қызметкерлері облыс аумағында жасалған қылмыстар санының өсуі мүмкін деген фактіні жоққа шығармайды.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау кезінде қырағы болу қажеттігін ескертеді. Алаяқтардың аулауына түспеу үшін артық сенімділікті көрсетпеу, сондай-ақ сізге зиян келтіруі мүмкін жеке ақпаратпен бөліспеу қажет.
Автор:
Elitar.kz