Шымкент қаласы әкімінің Гүлжан Құрманбекова медицина қызметкерлеріне науқастарға мұқият қарап, әр шағымға дер кезінде жауап беру керектігін айтты.
Қоғам белсендісі Ақмарал Омралинова өзінің Facebook парақшасында Шымкенттегі Роща ауруханасындағы инсульт орталығының қалай жұмыс жүргізіп отырғаны туралы жазды. Ол өз жазбасында науқастардың пікірін негізге ала отырып, орталықта науқастардан МРТ мен КТ түсіру үшін ақы алынып келгенін жариялаған. Бірінен 10 теңге, енді бірінен 12 мың теңге. Және сұмдық мұнымен бітпейді:
"Кейбір науқастардың туыстары ауруханаға жатар кезінде ақшаның жоқтығынан тіпті жеке куәліктерін кепілге қоюға тура келгенін айтады. Көптеген ем алушылар мен ауыр науқастарды күтетін оның туыстары дәрі-дәрмектерді өз есебінен сатып алып келгенін, тіпті физ. ерітіндіге өздері алғанын айтқан. Кейбір емделушілерге бөлімшеде ақылы массаж және инемен емдеу жасалынады. Кейбір жатын орындар метал торларынан жасалған, ал ондағы төсек өте жұқа... Ауыр науқасты күтушілер ауаны желдетуді өздері жасайтынын да алға тартты."
Көп ұзамай бұл сыннан қорытынды шыға бастады. Алдымен әкімдікте Шымкенттегі медицина мекеме басшыларының қатысуымен жиын өтті. Ал кейінірек қала әкімінің орынбасары әлеуметтік желіде келтірілген ауруханаға барып, сұмдық жайттарға куә болды.
"Сіздерге келіп келеңсіз жағдайға түсесің"
Алайда науқастар ондағы қызметті мақтай жөнелген. Ал әкім орынбасары жұмысты одан ары жақсарту керектігін кесіп айтты:
"Жұмыстарыңыз жақсы екен. Бірақ бір қателіктің салдарынан күллі жұмысқа күйе жағылды. Сондықтан жұмысты күшейту керек, ары қарай көрсетіңіздер. Халық сіздердің еңбектеріңізден, қызметтеріңізден хабардар болуы керек."
Гүлжан Құрманбекова көпке "танылып" үлгерген жұқпалы аурулар ауруханасында да болды. Қабылдау бөлімінде кішкентай науқастың анасымен әңгімелескен ол дәрігерлердің келушілерге бей-жай қарауын өзі де бастан өткергенін жеткізді:
"Сенесіз бе, сіздерде дәрігер келіп науқасты қараймын дегенше жарты сағат өтеді. Алдымен құжаттарды реттейді. Кейін медициналық талдау жүргізіледі. Қарау мен құжатты рәсімдеуді қатар жүргізуге болмай ма сонда? Мұндай жағдайға өзім де куә болғанмын. Немеремді алып келіп, әркімге бізді қарауын сұранып әбден жүгірдім"
Бұған қарамастан, Шымкент медицинасы жедел әрекет етуді қажет етпейтін секілді. Әкімінің орынбасары медицна қызметкерлеріне консервативті емдеуді тапсырды. Тұрғындар дәрігер көмегіне мұқтаж болған кезде ғана жүгінеді. Ал оларға көмек беруден бас тартуға дәрігерлердің құқығы жоқ.