Шымкент қаласының Қаратау ауданында мектеп мұғалімдері арасында футболдан сайыс басталды.
Аталған бәсеке ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру аясында, мектеп мұғалімдері арасында достықты дәріптеу, бұқаралық спортқа тарту мақсатында ұйымдастырылды.
Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов сайыстың ашылу рәсімінде командаларға сәттілік тілеп, іс-шараның маңызына тоқталды. Жеңімпаз командалар, ойыншылар арнайы жүлделермен марапатталады.
Жалпы сайысқа Қаратау ауданында 14 мектептің командасы бақ сынайды. А.Пармановтың айтуынша, келесі апта бұдан басқа мектептер арасында да турнир өткізіліп, ауданның үздіктері анықталмақ.
Мұғалімдер арасындағы алғашқы турнирдің жеңімпаздар мен жүлдегерлері бүгін анықталады.
Естеріңізге сала кетейік, ел Президенті биылғы жылдың тамыз айында балалар спортын насихаттау және мәдениетті ілгерілету бойынша міндеттер қойған болатын.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевты қабылдады.
Кездесу барысында Дәурен Абаев Президентке жетекшілік ететін мәселелердің барлық спектрі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Министр азаматтардың кейбір санаттарының табысын арттыру шаралары туралы айтты. Оның айтуынша, ағымдағы жылы жекелеген мәдениет, өнер және спорт ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы өсті. Министрлік Мемлекет Басшысының тиісті тапсырмасын орындау бойынша жұмысты жалғастырады.
Дәурен Абаев кітап шығару саласындағы жағдай туралы есеп берді. Бүгінгі таңда негізгі күш-жігер отандық баспа өнімдерінің, оның ішінде балалар әдебиетінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қазақстандық жазушыларды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, Президентке мұрағат қоймаларын жаңғырту және цифрландыру туралы ақпарат берілді.
Қазақстандық спортшыларды 2024 жылғы Олимпиада ойындарын қоса алғанда, ірі халықаралық жарыстарға дайындауға ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы министрліктің алдына бұқаралық және балалар спортын насихаттау және отандық мәдениетті ілгерілету бойынша бірқатар міндеттер қойды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев туристік инфрақұрылымды дамытудың және шетелдік инвесторларды тарту және туризм саласындағы бірлескен жобаларды іске қосу үшін қажетті жағдайлар жасаудың маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, үшінші мегаполис әкімшілігі барлық жас топтары үшін спорттық іс-шаралар мен жарыстарды тұрақты негізде өткізеді. Қалада тегін спорт секциялары жұмыс істейді.