Валюта:
  • USD / KZT - 507.8
  • EUR / KZT - 580.82
  • RUB / KZT - 6.44

    Мемлекет басшысы хат арқылы тойына шақырған астаналық жас жұбайларды құттықтады

    01 ақпан, 19:30

    ​Жас жұбайлар Астанада танысқан. Күйеу жігіт Қарағанды облысынан болса, ал қалыңдық Ақмоланың қызы, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап Elitar.kz.

    Айдар мен Айнагүл 2017 жылы танысқан. Күйеу жігіт «ЭКСПО» көрмесінде жұмыс істесе, қалыңдық халықаралық экспозицияны тамашалауға келген. Алайда сол кезде көрмеде көрісу екі жасқа бұйырмапты. Жарты жыл өткен соң Айдар мен Айнагүл әлеуметтік желілердің бірінде хат алмасып, бір тұрғын үйде тұратын көрші екендерін білген. Айдар олардың шаңырақ құруы маңдайларына жазылғанын айтады. Үйлену тойының алдында күйеу жігіт Мемлекет басшысының батасын алуды жөн көрген екен.

    Қаңтарда жас жігіт Ақордаға электронды хат жолдап, үйлену тойына Қазақстан Президентін шақырған.

    «Бұл бастапқыда менің идеям болды. Бұл күннің мәңгіге есте қалғанын қалаймын. Біріншіден, екеуміздің де әкеміздің көзі тірі емес. Сол себепті ұлы адамдардың батасын алсақ, нұр үстіне нұр болар еді деген ой келді. Бұл біз үшін өте маңызды. Себебі біз Қазақстанның тұрғындары емеспіз бе?! Кез келген жағдайда адамдарға жақсылық тілесең, өзіңе еселеп қайтады. Оның үстіне, елімізде «Жастар жылы» басталды. Мұның бәрі тағдыр іспетті. Әртүрлі қалалардан келсек те, бізді Астана байланыстырды. Кездестік, отбасын құрудамыз, мен бұған өте қуаныштымын, Елордада өмір сүріп жатқаныма бақыттымын», – деді Айдар Сүлейменов.

    Астана әкімі Бақыт Сұлтанов жас жұбайларға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын табыстады. Әкімнің айтуына қарағанда, Елбасы жас жұбайлардың шақыру хатын ыстық ықыласпен қабыл алып, Айдар мен Айнагүл Сүлейменовтарды отбасылық өмірге қадам басуларымен құттықтады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қос ғашыққа зор денсаулық, бақыт пен жарқын болашақ тіледі.

    ФОТО: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі