Қостанайлық тұрғын үйінің ауласын шағын зообаққа айналдырып алды

21 қараша, 10:00

Қырғауыл қайда түнейді?

Бұл аулаға бас сұқсаңыз, зообаққа келгендей боласыз. Кең торлардағы қабандар мен қырғауылдар, ал жабайы үйректер аулада маң-маң басып, ешқайда ұшып кетуге асығар емес. Оның бір себебі – қожайындары жақсы адам.
– Мақтағанды қойыңыз, - деп күледі орманшы Геннадий Рябов. – Олар жәй ғана үйдің нанына тойып алған, ұшулары қиын. Кейде жел тұрғанда олар қанаттарын көтеріп, су мұнарасына дейін ұшып барады, ал біраздан соң жаяулатып келеді.
Жабайы үйректер, құдды бір әңгіменің өздері туралы екенін түсіне қойғандай, бақылдап, аяқтарын жүн басқан Брама тұқымдас тауықтарды үркітіп жіберді. Үйректер ары-бері жүгіреді, қанаттарын қағып, ондаған сантиметрге көтеріледі де біздің аяғымыздың астына дейін қорықпастан жетіп тоқтайды. Сосын көңілдері толғандай қақылдасады.
Геннадий Рябов Федеров ауданындағы Банновка ауылында тұрады. Елдімекеннің шетіндегі үйдің ауласы кең, түрлі жануарларға арналған қоралары да үлкен. Геннадий Николаевичті ауданнан тыс жерлерде де таниды. Ауылдастары одан кейде үй жануарларына дәрі егуді өтінсе, кейде тауықтарын қандай аң жеп кеткенін сұрауға келеді (Рябов түз тағыларын ізінен таниды). Көршілері кейде ауыл маңынан жараланған аң-құсты әкелетіні бар.
Геннадий Николаевич бірнеше жыл бұрын жаралы аққуды емдеп шықты. Көктемде ұшырған құс өз ұяластарына қосылыпты.

– Қатігез құс екен, - дейді үй иесі. – Үйде ұстауға болмайды, қасына ешкімді жақындатпайды, ал қазды сабалап өлтіретіні бар.
Шынында, құстарда қатігездік жетерлік екен. Мысалы, қызыл қырғауылдар. Арнайы құс тәлімбақтарында оларға томылдырық кигізеді, себебі, бірін-бірі көрсе, шұқып тастайлы. Олар тек көсемдік үшін таласпайды, бірін-бірін жайдан-жай өлтіре салудан шімірікпейді. Және өздеріне жалғыз бидай аздық етеді. Рябов оларға сүйек пен балық ұнтағын сатып алады, көршілердің тауығына келген жерінен атып алынған ұсақ жыртқыштардың денесін тастайды. Құйрығында қола түсті, төгілген қауырсындары бар әдемі құстарға қарап тұрып, сыртқы көрінісі алдамшы екеніне сенбеске амалымыз жоқ.
Жабайы жануарлар
Қырғауылдар, қабандар мен жабайы үйрек – бұлар жай ғана Рябов ауласының жануарлары ғана емес. Олар өз еркінен тыс болса да мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар. Заң бойынша оларды жекеменшік аулада ұстауға болмайды. Дегенмен, Геннадий Николаевич Қазақстандағы жабайы жануарлардың санын көбейтуге арналған бағдарламаға қатысады. Оның шаруашылығы облыс бойынша жалғыз саналады. Жануарлар мен құстар Рябовқа жан-жақтан жеткізіледі. Мысалы, қырғауылдарды ол көрші облыстың қалаларынан тапқан. Бір қорап жұмыртқасын алып, күрік басқан үй құстарының астына салды. Бұл осыдан 3 жыл бұрын болатын. Әзірге біздің аймақта қырғауыл көп емес, дегенмен, Геннадий Николаевич үмітін үзбейді. Қырғауылдарды өсіріп, табиғат аясына жіберуді жалғастырып келеді.
...Қабандар тұрған тордың есігін үй иесі ақырындап ашты. Олар небәрі екі жаста, еркегінің азу тісі әлі өспеген, бірақ, түз тағылары адамды таптап немесе жарақат салып кетуі әбден мүмкін.
Алдымызда қолына күрек ұстаған Геннадий Николаевич, соңында біздің фототілшіміз: жақсы кадр үшін не істемейсің.
«Константин, шық!» - Рябов ақырындап кейін шегініп, торды жапты. Бәріміздің тынысымыз жеңілдеп сала берді.


Бұл жұпты иесі жай ғана Машка және Васька деп атайды, олар Торғайдың аңдары. Рябовтың айтуынша, желтоқсан айында қабандардың күйлеу уақыты басталады. Дегенмен, бұл екеуін табиғатқа жіберуге болмайды, олар адамнан қорықпайды, үйреніп қалған. Ал төлдерін жіберуге кедергі жоқ. Қазірдің өзінде екі қабанның бір-бірімен байланысы жаман емес. Енді төлдерін күту ғана қалды.
Журка мен Гоша
- Мұнда келе ғой, сүйкімдім менің!
Сұр тырна маған сақтықпен қарап тұр, дегенмен, сипаласам, қашқан жоқ. Бұл – Журка. Рябовқа оны көрші ауылдың адамдары әкелген. Қолға үйренген құс сол кісілердің үйінде өскен екен. Тек үй иесінің баласын шоқып алған соң ата-анасы бас тарқан (Геннадий Николаевич баланың өзі тырнаға бірінші тиіскен дейді)... Енді қайда жіберу керек? Рябовқа. Ал Геннадий Николаевич құсты көктемде еркіндікке жібермек. Күзде ауыл маңынан ұшып бара жатқан құстарға еліктеп, қатты айқай салған. Бірақ, қыс қарсаңында жібергісі келмепті – қыстауға ұшып жете алмай, өліп қалуы мүмкін. Одан да көктемге дейін күш жинасын.


Осы торда тағы бір сұр тырна бар. Қанталаған қанатын сүйретіп жүр, байғұс. «Гоша, Гоша!», - деп шақырады оны Геннадий Николаевич. Бірақ, Гоша әлі жарақат үрейінен айықпаған. Оны басқа ауданның адамдары алып келіпті. Батпаққа батып жатқан жерінен тауып алыпты. Қанатына оқ тиген. Жазылар-жазылмасы белгісіз...
13 шымшық
Барлығы балалық шақтан басталды. Әкесі сияқты, Геннадий Николаевич та балықшы және аңшы. Дегенмен, аңшылыққа құмарлығы түрлі жануарларға деген махаббатымен қызық ұштасып жатады. Қалай екенін өзі де білмейді. Жаралы жануарларға жаны ашиды. Бала кездің өзінде түлкіні күтіп-баптаған еді. Жаны ашып кетіп, маскүнемнен бір бөтелке шарапқа айырбастап алған. Жарақаты жазылған соң еркіндікке қоя берді.

– Ауламызда қай жануар болмады десеңізші, - деп күледі жұбайы Эльвира. Айтуынша, бала кезінде Геннадий базарға балық сатып алуға барады. Бірақ... тиіндерді алып қайтыпты. Кепкен ағаштан оларға ұя жасап берген, ал олар қабырғадағы кілемді түтетіп, ұяларына тасыпты!
Геннадий Рябовтың өзі Қарағандыдан. Ал жұбайы Федоров ауданының тумасы. Басында Қарағандыда тұрып, Геннадий Николаевич шахтада жұмыс істеген. Ал кейін біздің өңірге, табиғатқа жақын жерге көшіп келіпті. «Табиғат – махаббатым» деп жымияды Рябов.
Биыл оның жасы 60-қа толып отыр. Мерейтойында бала күнгі арманын орындап, шымшық сатып алған. Сонымен, қазір Рябовтардың ас үйінде ұзын-саны 13(!) құс бар: ақ, сары, қызғылт, ала шымшықтар. Түрлі тұқымдас және түрлі дауыспен сайрайды. Айтпақшы, тек еркектері ғана сайрайды екен. Ал ұрғашыларының жұмысы маңызды – балапандарды басып шығару.

...Біз әңгімелесіп, шай ішіп отырмыз – кәдімгі шай емес, үй иелерінің өздері даладан жинаған дәрілік шөптің шайы. Ал кенар құстар құйқылжытып сайрауда. «Жаман адам келсе, олар сайрамайды», - деп жымияды үй иелері. Яғни, біздің жаман адам болмағанымыз. Ал шындығында, бұл үйде адамдар да, жабайы жануарлар да өздерін жақсы сезінеді.
Фото: Константин ВИШНИЧЕНКО