​Министр Абаев Мадина Әбілқасымованы қудаламауға шақырады

07 ақпан, 11:34

Дегенмен ол мемлекеттік аппараттың 5 баланың өмірін алып кеткен қайғылы жағдайдағы жауапкершілігін жоққа шығармайды, деп жазады Elitar.kz.

ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желіде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың отставкаға кетуін талап етуді әділетсіз деп санайды.

«Аса қайғылы жағдай болды. Ол отбасының қайғысы ешкімнің басына түспесін. Бүкіл ел сол ата-анамен бірге аза тұтуда. Мен балалардың өлімі үшін бар кінәні министр Әбілқасымоваға артып қоюды, кемінде, әділетсіздік деп санаймын. Ия, ешкім жауапкершіліктен қашпауы тиіс. Сайып келгенде, біз – бүкіл мемлекеттік аппарат – елде болып жатқан жағдайдың барлығына жауаптымыз. Бірақ, осынау қайғылы жағдайдың көптеген себебі бар екенін түсінуіміз керек. Барлығы бір ғана еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне байланысты емес», - деді министр.
«Мен Мадина Әбілқасымованың бұл қайғылы жағдайға қатты қайғырып жүргенін білемін. Әйел ретінде, үш баланың анасы ретінде ол бұл жаңалықты күйзеле қабылдады. Сондықтан тек жүйелі сын қалып, бос қудалау тыйылады деп сенемін. Оның үстіне министр Әбілқасымованы кәсіпқой, өзіне сеніп тапсырылған жұмысқа жауапты маман ретінде танимын», - деді Абаев.