Шымкентте коронавирус бойынша елді дүрліктірген жас жігіт сауда орталығының қызметкері болып шықты

04 наурыз, 15:07

Шымкент қаласында короновирус туралы жалған ақпарат таратқан жігіт өзінің қателігін қайталамауын сұрап қазақстандықтарға бейнеүдеу жолдады.

Бұл жолы коронавируске шалдыққан адам "Shymkent Plaza" сауда орталығында табылды деп дабыл қаққан ол өзі аталған орында еңбек ететін айтты.

"Таңғы сағат 9-да жұмысқа келдім... Содан кейін бізде төтенше жағдай қызметкерлерінің өрт қауіпсіздігі бойынша оқу-жаттығулары басталды. Біздің барлығымызды далаға шығарды. Іштегі барлық адам эвакуацияланды. Мен осы сәтті қызық болсын деп коронавирусқа шалдыққан адам сауда орталығында табылды деп видео түсірдім. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Мен Қазақстанның барлық азаматтарынан, сауда орталығының әкімшілігінен кешірім сұраймын. Бұл жағдай басқа азаматтар үшін сабақ болсын", - деді ол.

Бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген (бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату).
Ал мұндай әрекет үшін жаза арнайы бапқа сәйкес - үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (3000 АЕК = 7 953 000 теңге) салынады. Немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту болмаса үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қаралған.
Ұсталған азаматқа қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Сот қандай шешім қабылдайтыны белгісіз, дегенмен 24 жастағы жас жігітке жаңа жұмыс орнын іздеуге тура келетін секілді. Себебі сауда орталығына қызметкердің қызық үшін елді дүрліктіретінң ұнай қоймасы анық.