​Түркістан облысының тұрғыны ауыр соққыдан мерт болды​

20 желтоқсан, 10:43

Полицейлер шұғыл іздестіру әрекеттерінің нәтижесінде бір аптаның ішінде күдіктілерді ұстады. Тұтқындалған жергілікті тұрғындардың бірі бұрын сотты болған.

Түркістан облысының полицейлері кісі өлтіру қылмысын ашты, деп жазады Zakon.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
10 желтоқсан күні Келес аудандық полиция бөліміне ауылдардың бірінің маңындағы даладан қинап өлтірілген белгілері бар ер кісінің денесі табылғаны туралы суыт хабар түседі. Оқиға орнына жеткен полицейлер марқұмның жеке басын анықтады. Дене жарақаттарынан мерт болған кісі Келес ауданының тұрғыны болып шықты. Бұл факті ҚР ҚК 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша СДБТТР-не тіркелді.
Ауыр қылмысты ашу мақсатында криминалды полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары күдіктілерді табу мақсатында іздестіру әрекеттерін жүргізеді. Қылмысты ашудағы бір қиындық түнгі уақытта және не себепті жасалғаны белгісіз болғанында еді.
Дегенмен, шұғыл-іздестіру әрекеттерінің нәтижесінде полицейлер бір аптаның ішінде күдіктілерді - жергілікті тұрғындарды ұстады. Олардың бірі бұрын сотты болған. Тергеу барысында сол түні жеке басқа қатысты шыққан ұрыс-жанжалдың салдарынан күдіктілердің бірі жәбірленушіні ұрып-соғып, пышақ жарақатын салғаны анықталды. Соның салдарынан жәбірленуші көз жұмады. Содан кейін күдікті өзінің танысымен бірге марқұмның денесін автокөлікке салып, айдалаға апарып тастайды.
Қазіргі таңда кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Айғақты заттар тәркіленіп, күдіктілер қамауға алынған. Полицейлер осынау ауыр қылмыстың барлық себеп-салдарын анықтау үстінде.