ҚР ІІМ жасөспірімдер арасындағы бұзақылық жағдайына қатысты ресми жауап берді, деп хабарлайды Elitar.kz.
"Желіде тарап кеткен жасөспірімдердің өз құрдастарына дене жарақатын келтірген әрекетінің видеосына қатысты ҚК 293-бабында көзделген қылмыс белгілері бойынша (адамдар тобының бұзақылық) сотқа дейінгі іс жүргізуді ашу туралы мәселе шешілу үстінде. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысы бар адамдардың жеке басын анықтауға бағытталған шешімдер қабылдануда" деп түсіндірді ІІМ ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Сәдубаев.
Оcы ретте Elitar.kz Түркістан облысы әкімдігіне орын алған жайтқа қатысты пікір білдіруін ресми хатпен жолдады.
Еске сала кетсек, күні кеше әлеуметтік желіде бір топ оқушылардың мектеп әжетханасында орын алған текетіресінің видеосы тарап кетті. Онда жасөспірім екіншісін тұмсығынан ұрып, қалғандары жабылып таяқ жеген оқушының үстіне секіреді. 21 қаңтар күні де тура осы секілдес видео тарады. Белгілі болғаны, бұзақылық жасағандар Түркістан қаласының жасөспірімдері болып шықты. Бұл оқиғаға қатысты құзырлы органдар қылмыстық іс қозғап, оқиғаға қатысы барларды анықтады. Кейінірек төменгі сынып оқушысын соққыған жыққан жасөспірімнің анасы күллі ата-анадан кешірім сұрады.