​ІІМ: Инспекторларға шабуыл жасаған браконьерлер анықталды

16 қаңтар, 13:34

Қарағанды облысында «Охотзоопром» инспекторларына шабуыл жасаған браконьерлердің жеке бастары анықталды, деп жазады Zakon.kz ҚР ІІМ ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Сәдубаевқа сілтеме жасап.

15 қаңтар күні Астанадағы қалалық №1 ауруханада «Охотзоопром» ПО» РМҚК инспекторларының бірі қайтыс болды. Ол өзінің әріптесімен бірге 13 қаңтар күні қызметтік міндетін атқару барысында Қарағанды облысы аумағындағы далалы жерде браконьерлердің шабуылына ұшыраған еді.

«Бұл факті бойынша Қарағанды облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасында ҚР ҚК 99-бабының 2-тармағында көрсетілген қылмыс белгілері (топ болып кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда, кешенді тергеу іс-әрекеттерінің нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар тұлғалардың барлығы анықталды. Қазіргі таңда оларды ұстау бойынша іс-шаралар қолға алынған», - деп мәлімдеді Сәдубаев.
Ол қылмыскерлермен күрес барысында қаза тапқан инспекторлардың жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
Бұған дейін ҚР Бас прокурорының орынбасары Лукин бұл қылмысты жасағандар кім болса да Қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартылатынын мәлімдеген болатын.