​Түркістандағы мал базарынан аю табылды

08 ақпан, 14:54

Түз тағысы мал базарына өз еркімен келмеген. Тәртіп сақшылары жануарды торда қамаулы жерінен тауып алды, деп жазады Elitar.kz Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция басқармасының 102 пультіне жергілікті тұрғын хабарласып, Қарабұлақ ауылындағы мал базарынан торға қамалған аюды көргенін айтқан. Осы хабарлама бойынша Сайрам АПБ табиғатты қорғау полициясының инспекторлары мен «Охотзоопром» РКҚК қызметкерлері, облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекторлары бірге тексеру барысында көрсетілген базардан көлемі 2х3 метр темір торға қамалған, ашық-қоңыр түстес жабайы аюды тапты», - делінген жұма күні таралған хабарламада.
Қазіргі таңда ҚР ҚК 339-бабы (сирек және жойылу қаупі төніп тұрған, қолдануға тыйым салынған жануарлар мен өсімдіктерді заңсыз қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Аю қазіргі таңда Шымкенттегі зообаққа жеткізілген.