Кәсіпкердің көмегінің нәтижесінде Арман енді сауығып кетуі мүмкін.
Елордалық қайырымды жан Динара Ахметованың отбасына 13 жасар Арманды емдеуге қажет 100 мың теңге аударыпты.
Былтырғы шілде айында балаға «Свищ дерті» деген диагноз қойылған еді. Оған Шымкентте операция жасалды, дегенмен, отадан соң 8 ай бойы баланың денсаулығы нашарлай түсті. Шымкенттік дәрігер тағы ота жасаудан бас тартып, баланы Алматыға жібереді. Арман оқитын мектептің директоры емге квота бөлдіру мәселесін шешіп, анасы мен баласы 11 наурыз күні Алматыға жетуі тиіс еді. Бірақ, тұрмысы төмен отбасы билетке және Алматыда жүріп-тұруға қаржы таба алмады.

Мектеп директоры кәсіпкерлерден көмек сұрап, баланы қолдау туралы өтінішті «Менің Атамекенім» порталында жариялаған.
«Алматыға операция жасау үшін баруға 100 мың теңгеге жуық қаржы керек. Көмектесіңіздерші, өтініш, баланың дене қызуы жиі көтеріледі! Бұл операция оның өмірі үшін өте маңызды!!!», - деп жазды мектеп директоры порталдың «Маған көмек қажет» бөлімінде. Өтінішті Астаналық кәсіпкер бірден орындады, дегенмен, аты-жөнін жариялаудан бас тартты.
Баланың анасы Динара Ахметованың қайырымды жанға айтар алғысы шексіз, денсаулығы мықты болсын деп тілейді:
«Жаратқан Алла қайырымдылығын еселеп қайтарсын! Менің ұлымның енді емделіп, сауығып кетуге мүмкіндігі бар!» Динараның өзіне де емделу қажет, бірнеше жыл бұрын оның бір бүйрегін алып тастаған, оған қоса көзі де нашар көреді. Дегенмен, денсаулығына байланысты мүгедектік немесе зейнеткерлікті рәсімдей алмай жүр, әйелді бір мекеменің қызметкерлері келесіне жіберіп әуре. Жақындарының айтуынша, мүгедектікке шығару үшін әйелден пара да сұрапты.

Бұған қоса Динара екі баласын жалғыз өзі өсіріп отыр (күйеуі екі жыл бұрын қайтыс болған), шағын үйде тұрады. Жиі ауыратындықтан, жұмыс берушілері көпке шыдамай, жұмыстан шығарып жіберуде.
Мектеп директоры Гауһар Байбосынованың айтуынша, Арман да, оның әпкесі де жақсы оқиды. Өкінішке қарай, әпкесі былтыр 9 сыныпты бітірген соң колледжге оқуға түсуге мәжбүр болды. Бұған бір ғана себеп бар – ондағы оқу тегін және түскі ас беріледі.
Шынында да бұл отбасы көмекке мұқтаж, дегенмен, аналары бұл туралы сұрап отырған жоқ. Оның қазіргі арманы – ұлын емдету.
Айта кетейік, «Менің Атамекенім» жобасы жүйелік және нақты әлеуметтік проблемаларды анықтауға бағытталған. Енді қиын жағдайға тап болған кез келген адам «Менің Атамекенім» порталына кіріп, өзінің проблемасы туралы айта алады.
Сайтта «Маған көмек қажет» батырмасы бар, оны басқанда анкета толтырылатын терезе ашылады. Оны жүктеп алып, қағазға басып шығарып, толтыру керек. Содан кейін сканерлеп, сайтқа жүктеу керек.
Ал көмек көрсеткісі келетін жандарға «Менің көмектескім келеді» батырмасы бар.
«Менің Атамекенім» жобасының көмегімен жомарт жандар қиын жағдайға тап болған адамдар туралы біліп, қайырымдылық жасау, көмектесуге мүмкіндік алды.
Өтініштерді, бұған қоса, +7 776 333 77 66 нөміріне whatsapp желісі бойынша жіберуге де болады.