Бес жыл бұрын өз өмірін құрбан етіп, ауылды сақтап қалған ұшқышқа туған жері Қостанай облысында әлі ескерткіш қойылған жоқ.
Марат Едігеев басқарған ұшақ 2013 жылдың көктемінде апатқа ұшырады. Сол сәтте ұшқыштың алдында екі таңдау болатын: өз өмірін құтқарып, катапульт жасау немесе құлдилап бара жатқан ұшақты ауылдан алысқа алып кету. Ол өзгелердің өмірін аман алып қалуды таңдады. Сол көктемде Маратқа екі ескерткіш қойылды – аман қалған ауылда және ұшақ құлаған жерде. Ал туған жері – Қостанай облысындағы Сарыкөл ауылында қаһарман азаматқа ескерткіш қойылмады. Есімі берілген көше де жоқ.
Қаһарман
Марат көк аспанға бала кезінен құмар болып өсті. Әкесінің айтуынша (әлі күнге дейін Сарыкөл ауылында тұрады), Шымкентке отбасымен шағын ұшақпен ұшып барыпты. Пилоттардың кабинасына барған Маратты ұшақтардың бірі тізесіне отырғызып, штурвалды ұстап көруге рұқсат береді... Марат сол сәттен бастап ұшқыш болуды армандайды. Сабағын үздік оқып, Армавир училищесіне түседі. Ал одан кейін ҚР Президентінің өзі Мәскеудегі академияға оқуға жібереді...
2013 жылдың 23 сәуірі күні «МиГ-31Б» ұшағы түнгі оқу-жаттығуға ұшып шығады. Экипаж командирі Марат Едігеев болатын. Моторлары істен шығып, ұшақ Қарағанды облысындағы ауылға бет алады (қазір ол ауыл Ақой деп аталады). Ұшақты ауылдан шетке бұрамыз деп жүріп экипаж өз өмірлерін құтқаратын уақытты жоғалтып алады. Штурман катапультпен секіріп, тірі қалады, кейіннен ауруханаға жеткізілген. Полковник Марат Едігеев (50185 әскери бөлімінің командирі) апатқа ұшырады. Бірақ, 600-ден астам адам тұратын ауылды аман сақтап қалды.

Жасы 49-да болатын. Қазасынан кейін Марат Едігеев ерлігі және әскери борышын өтеудегі батыл шешімі үшін І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Соңында 3 баласы әкесіз қалды, ең кішісі 3 жасар болатын. Мемлекет қаһарманның отбасын қамқорлыққа алды: Астанадан пәтер, ақшалай төлем берді.
Сол жылы Мараттың құрметіне екі ескерткіш қойылды: бірі Ақой ауылында, екіншісі ұшақ құлаған жерде. Ауылдағы мектептің мұғалімдері Мараттың ескерткіші әкімдікке қарсы бетте тұр деп айтты. Ал жыл сайын желтоқсан айында ұшқыштың туған күнінде бүкіл мектеп ерлікпен опат болған ұшқышты еске алу кешіне қатысады. Мектеп оқушылары марқұмның қаһарман екенін, ауылды аман алып қалғанын біледі.
Ескерткіш
Мараттың туған жеріндегі оқушылар оның туған күнін атап өтпейді. Ауылында ескерткіш те жоқ. Сарыкөл тұрғыны Анатолий Павлюченко бірнеше жылдан бері ұшқышқа ескерткіш қойдыру жұмысымен жүр. Ол 2015 жылы макетін жасап, Едігеевтің ескерткішін орталық саябақта, Ұлы Отан соғысының қаһармандары мен интернационалист-жауынгерлердің мемориалымен қатар қою ұсынысын айтқан.
– Бейбіт халықты құтқару үшін өз өмірін қиған түрлі жылдардың қаһармандары бір жерде тұрғанын, балалардың Марат Едігеевтің есімін біліп өскенін қаладым, - дейді Анатолий Васильевич.
Бірақ, ескерткіштің оқиғасы шиеленісіп кетті: алдымен жоба аудандық әкімдікте мақұлданды (ол кезде аудан әкімі Эльдар Күзенбаев болатын, қазір ол басқа ауданды басқарады). Ал содан кейін Павлюченко мен аудандық әкімдік арасында түсініспеушілік басталды, саябақ аймағындағы жұмыс бойынша келіспеушілік пайда болды. Павлюченко өзі жасаған саябақ жобасы үшін ақы төленуін талап етіп, аудандық әкімдіктің үстінен сотқа арызданды. Салдарынан саябақ аймағының жұмысы тоқтап қалды, ескерткіш мәселесі шешілмеген күйі қалды. Павлюченко 700-ден аса ауылдасының қолын жинап, облыс әкімінің қабылдауында болды. Іс қозғалып, 2016 жылдың күзінде ол аудан әкімінің орынбасары мен мәдениет бөлімінің жетекшісімен бірге Астанаға келді, жобаны республикалық комиссия алдында қорғады. Ол жерде Анатолий Васильевичке жобаны жетілдіре түсу ұсынысы жасалды.

Анатолий Павлюченко бірнеше жылдан бері қаһарман жерлесіне ескерткіш қою идеясын қорғап жүр, ол үшін макетін тегін жасаған.
Анатолий Павлюченконың айтуынша, ол жобаны жетілдіріп, тиісті орынға жібереді. Және рұқсат алған да секілді. Бірақ, іс тоқтап қалды. Сарыкөл аудандық мәдениет бөлімінің жетекшісі Әлия Бекмағамбетова жоба сол күйі мақұлданған жоқ дейді.
Енді қашан?
Павлюченко ескерткіш идеясын қалдырмақ емес. Биылғы күзде ол Сарыкөл ауданының жаңа әкімі Амантай Балгариннің қабылдауына кірді. Айтуынша, әкім жобаны «Жол картасына» қосуға тапсырма беріп, бұл іспен айналысуды мәдениет бөліміне тапсырады. Әлия Бекмағамбетованың айтуынша, ескерткіш мәселесі әкімдіктің бақылауында тұр. Дегенмен, мәселе ескерткіш Павлюченко жасаған жоба бойынша емес, Едігеевтің бюсті қойылуы мүмкін дегенге саяды. Ал Павлюченконың макеті – құлаған ұшақ. Ол ерлікті бейнелейді дейді автор. Әлия Молдабайқызының айтуынша, Едігеевтің Сарыкөлге жақын ауылда тұратын қарындасы ағасының мерт болған сәтін емес, бюстін қойғанды дұрыс санайды. Аудандық әкімдік те осы идеяны құптап отыр. Дегенмен, тек бюст қоюмен шектелмей, гүлзар жасап, оған Марат Едігеевтің атын беру де жоспарлануда. Дегенмен, қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз.
... Ал әзірге билік ескерткіш қандай болуы тиіс деген мәселені шешіп жүргенде уақыт өтіп барады. Мараттың аты мен оның ерлігі ұмытылып барады. Ал ескерткіш – халықтың есінде қалады. Ерлік ұмытылмауы керек. Себебі, бейбіт уақытта ерлік жасау үшін шынында да батылдық қажет. Мүмкін, ескерткіш Марат Едігеевтің туып-өскен ауылына қойылар. Ал әзірге ол – ескерусіз қаһарман.
Автор: Мария ШИЛО
Фото: Константин ВИШНИЧЕНКО және отбасылық мұрағаттан (Марат Едігеевтің суреті)