5 қыздың өлімі: ​Қайтыс болар алдында үлкен қызы анасына үйдің өртеніп жатқанын айтқан

06 ақпан, 11:04

Желіде Астанада 5 баланың өмірін жалмаған өртке қатысты сұмдықтар жазылған құжат пайда болды, деп жазады Elitar.kz.

Бұл құжаттың тергеу барысына қатысы болуы мүмкін.

Басқа мәліметтермен қоса онда қайтыс болған қыздардың анасы Жанымкүл Айтымованың сөзінен жазылып алынған мәліметтер де бар.
Әйелдің айтуынша, 4 ақпан түні сағат 02:25-те оған үлкен қызы қоңырау шалып, үйдің жанып жатқанын хабарлаған. Анасы оған терезені сындырып, далаға шығуды тапсырады да өзі көрші тұратын туыстарына хабарласып, қыздарына көмектесуге шақырмақ болады.
Сағат 02:31-те ол қызына қайта қоңырау шалады, бірақ, ешкім жауап бермейді.
Содан кейін әйел үйде болуы тиіс күйеуіне хабарласады, сөйтсе, ол да жұмысынан шыға алмаған екен. Әйелі күйеуіне үйдің жанып жатқанын, балалардың шыға алмай отырғанын айтып, тез үйге баруды тапсырады. Екеуі де үйге келген сәтті оқиға орнында өрт сөндірушілер, полицейлер мен жедел жәрдем дәрігерлері жүрді.

Ал адвокат Жандос Тұяқов балалардың өлімі бойынша шағын үйдің иесі 7 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін деп отыр.
Заңгердің айтуынша, құзыретті орган қызметкерлері өрт қауіпсіздігінің бұзылуына байланысты үйдің иесіне бірнеше рет ескерту берген. Дегенмен, үйдің иесі жазаға тартылатыны туралы нақты айтуға болмайды дейді Тұяқов. Бұл мәселемен сотқа дейінгі тергеу органдары айналысуда. Тергеу барысында қажетті сараптамалар жасалуы тиіс.