​Қазақстандағы жаңа зейнетақы: жеке кәсіпкерлерге қалай төленеді?

08 қаңтар, 17:36

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тағайындалған базалық зейнетақыға ревизия жасауды тапсырды, деп жазады «Қазақпарат» ХАА. Үкімет басшысы жеке кәсіпкерлердің зейнетақысы қалай есептелетінін түсіндірді

«Мұнымен қоса, азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің дұрыс есептелмеуін болдырмау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тағайындалған базалық зейнетақыға ревизия жасау және оның нәтижесі бойынша базалық зейнетақыны тағайындау барысында еңбек өтілін есептеу мәселесін қосымша зерделеу тапсырылды. Істелген жұмыстың нәтижесі туралы Сіздерге министрлік қосымша мәлімет береді», - делінген Үкімет басшысының депутаттық сауалға жауабында.

Премьер-Министр Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды іске асыру аясында биылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа әдістемесі енгізілгенін еске салды. Бұдан былай базалық зейнетақының мөлшері әр алушыға оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне дифференциалды түрде бекітіледі.
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне ынтымақты жүйеде жинақталған еңбек өтілі (1998 жылдың 1 қаңтарына дейін), сондай-ақ, орталықтандырылған қордан берілген міндетті зейнетақы жарнасын төлеу туралы мәліметте расталған міндетті зейнетақы жарнасын аударған уақыты кіреді (1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап). Міндетті зейнетақы жарнасын аудару Салық кодексі мен «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңмен бекітілген тәртіппен және уақытпен жүзеге асырылады.
«Осыған байланысты, зейнетақы жүйесіндегі өтілін есептеу барысында төлеушілердің бөлек санаттарының міндетті зейнетақы жарнасын аудару уақыты және ерекше тәртібі есепке алынады. Мысалы, жеке іспен айналысатын жеке кәсіпкерлер және арнайы салық тәртібін қолданатын басқа да субъектілер үшін, бірыңғай зейнетақы қорына тиісті салық мерзімінде төленуге жататын міндетті зейнетақы жарнасының жылдық сомасынан кем болмайтын міндетті зейнетақы жарнасын аударған жағдайда, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі бір жылға тең болады деп қарастырылған», - делінген хабарламада.