Нұр-Сұлтанда KFC өнімдерін жеген үш баланың уланып қалғаны туралы ақпарат пайда болды

26 сәуір, 15:16

Ағымдағы жылдың сәуір айында ішек жұқпасы бар бір отбасынан 9 ай, 6 және 8 жас аралығындағы үш бала инфекциялық ауруханаға түсті, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне сілтеме жасаған elorda.info.

Тамақтан уланғандар мұны KFC фаст-фуд (тауық қанаттары, фри картоп) өнімдерін тұтынумен байланыстырады. Тексеру жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталды: мұздатқыш камерада алдын ала дайындалған жартылай фабрикаттар − фри картоп және "тауық дайындамалары" санитарлық талаптар бұзыла отырып сақталған, ал дайындалған "тауық стриптерінде" ауру тудыратын микроорганизмдер құрамының артуы анықталды", − делінген Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ақпаратында.

Ведомствода атап өткендей, KFC әкімшілігі барлық заңбұзушылықтарды жойып, 2,3 млн теңге айыппұл төлеген және өз жұмысын жалғастырған.

2018 жылы Астана тұрғындары арасында ішек жұқпасының 1230 жағдайы орын алған.

"Фаст-фуд объектілері шағым бойынша ғана тексеріледі, өйткені шағын бизнеске жатады, ал кейбіреулері жеке аудиторлар ақылы негізде тексерілетін санитарлық аудитке көшті. Осыған байланысты департаментте көп жағдайда тағам дайындау шарттары туралы мәліметтер жоқ, өнімге зертханалық өндірістік бақылау жүргізіле ме, персонал медициналық тексеруден өтті ме және т.б.", − делінген хабарламада.

Алайда, KFC балаларды ішек инфекциясын жұқтырғаны үшін айыптауды жоққа шығарды.

"2019 жылдың 25 сәуірінде бұқаралық ақпарат құралдарында Нұр-Сұлтан қаласында үш бала ішек инфекциясын жұқтырғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл ақпаратты кейбір БАҚ елордалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысына сілтеме жасай отырып, KFC мейрамханаларының бірімен байланыстырды. "The Caspian International Restaurants Company" ЖШС жоғарыда көрсетілген ақпараттың KFC мейрамханаларымен байланысы жоқ және ішек инфекциясын жұқтыру туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдейді", - делінген Қазақстандағы KFC операторының PR-қызметінің хабарламасында.