Нұр-Сұлтанда жануарларды қорғау жөніндегі кеңес құрылады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Оның құрамына жануарларды қорғаушылар, қоғам қайраткерлері, ветеринария қызметкерлері, ғалымдар, ауылшаруашылық университеттерінің оқытушылары және практик-ветеринарлар кіреді. Топтық кездесулер тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Бұл туралы бүгін жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдерімен кездесуінде әкімнің орынбасары Нұрлан Солтамбеков мәлімдеді. Кеңес қала әкімдігі жанынан жұмыс істейтін болады. Ол жануарлардың құқығын қорғаумен, қаланы күтіп ұстауға арналған инфрақұрылыммен, үйсіздік проблемаларымен айналысады, ең бастысы, жануарларға ізгілікпен қарау принциптерін қолдайды. Жануарлар құқығын қорғаушылар мемлекеттік органның бастамасын қолдады.