Halyk bank өз қызметкерлерінің бірі коронавирус жұқтырған деген ресми хабарлама таратты.
"Алматыдағы банк ғимаратында кеңес қызметін беруші қызметкердің бірі COVID-19 коронавирусқа шалдыққанын сіздерге жеткізуді жөн деп санадық.
Денсаулық сақтау министрлігінің алгоритміне сәйкес қаланың медицина мамандарымен бірлесе отырып науқас және онымен байланыста болған барлық қызметкер анализ тапсырып, қазіргі таңда карантинге жатқызылды. Осы ретте науқас болған және банктің өзге де қызметкерлері клиенттермен байланыста болмағанын хабарлаймыз. Банк өз кезегінде қызметкерлер мен клиенттер денсаулығының қауіпсіздігі үшін жоғары деңгейде сақтық шараларын қолға алды.
Сонымен қатар заңды тұлғалар үшін Onlinebank.kz, жеке тұлғалар үшін Homebank.kz қашықтық сервисі қолжетімді. Кез келген сұрақ үшін банктің байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.
Өзіңізге және жақындарыңызға сақ болыңыз! Biz birgemiz!" делінген хабарламада.