30 қараша, 16:30
«Ордабасы» футбол клубының белді ойыншыларының бірі Еркебұлан Тұңғышбаев үйленді, деп xабарлайды Elitar.kz тілшісі.
«Ордабасы» футбол клубы мен Қазақстанның ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Еркебұланның сүйіктісі Алтынай Оңжігіт республикалық порталдардың бірінің тілшісіне футболшымен қалай танысқанын айтып берді.
Алтынай Шымкенттің тумасы. №39 мектепте оқыған. Мектептен соң Астанадағы Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетін педагог мамандығы бойынша тәмамдаған. Ағылшын және неміс тілдерін біледі. Бала кезінен биге де қатысқанын айтады.
– Еркебұланмен қалай таныстыңыздар?
– Біз бір-бірімізді 5 жылдан бері білеміз. Ортақ досымыз бар, ол да футболшы – Асхат Ермекұлы. Еркебұланмен бірнеше рет оның туған күнінде, басқа да мерекелерде кездестік. Кейінірек әлеуметтік желіде сөйлесе бастадық. Осылайша бір жылдай уақыт өтті. Әлі есімде, ол әрдайым орысша жазатын және маған «Сіз» дейтін. 2014 жылдың 17 мамыры күні мен оқып жүрген Астанаға Асхат келді. Біз кездестік. Асхаттың қасында Еркебұлан бар екен, олар сол кезде бір клубта ойнап жүрген. Еркебұланмен бетпе-бет кездескеніміз сол күн. Біз үшін бұл бір ерекше күн болды.
Арада 5 жыл өткен соң жастар үйленбек болып шешті. 29 қараша күні көптен күткен үйлену тойы да өтті. Фотосуреттерден тойға белгілі футболшылардың да қатысқанын көруге болады. Араларында ұлттық құрама ойыншыларынан Бауыржан Исламхан, «Ордабасы» және Премьер-лиганың басқа клубтарының футболшылары бар.
«Ордабасының» ойыншысы Қайрат Әшірбековтың айтуынша, Еркебұланның үйлену тойы шағын ортада өткен. Шағын тойханаға екі жастың тек ең жақын туыстары мен достары жиналды. Дастарханда ас та төк тағам, шоу-бизнес өкілдері болған жоқ. Тойға 300-ге жуық қонақ шақырылыпты. Себебі Еркебұлан жақсы жалақы алып жүрсе де қарапайым жігіт.
Автор:
Сарбиназ Алдабергенова