Орал: жолдардың ой-шұқырын өрнектаспен жамаған әкімдік халықтың сынына қалды

16 наурыз, 21:34

Орал қаласының әкімдігі әлеуметтік желідегі парақшасында асфальт бетіндегі ойық-шұңқырдың өрнектаспен бітеліп жатқаны туралы видеоны жариялады. Бұл көрініс желі қолданушыларының түсінбеушілігін туғызды. Тұрғындардың кейбірі мұны ашық мысқылдауға көшті. Бірақ Орал қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Оспан мұның Қазақстанның басқа қалаларында бұрыннан қолданылатын әдіс екендігін жеткізді.

Данияр Оспан Орал қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қазір күн суық, сондықтан жолдың ой-шұқырына ыстық асфальт төсеп, жөндеу мүмкін емес. Сондықтан уақытша амалдай тұру үшін өрнектас төселіп жатыр. Тұрғындар терең шұңқырға көлігін соғып, бүлдіріп алмауы үшін осындай жұмыстар жүргізілді. Бірақ бұл ағымдағы жөндеу емес. Кейін көктемде қала жолдарын жөндеу жұмыстары басталады. Сондықтан уақытша қолайсыздықтарға тұрғындардың түсіністікпен қарағаны дұрыс.