Еліміздің Қорғаныс министрлігі соңғы кездері күштік құрылымдарда орын алған өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің жиілеу себебін түсіндірді. Ведомства мәліметінше, әскери қызметшілердің өлімі тек Қарулы күштерде ғана емес, басқа да әскер түрлерінде орын алып отыр.
«Өзіне-өзі қол жұмсау сияқты шарасыз қадамға бару ол адамның туыстары мен жақындары үшін үлкен қайғы. Командирлерге де жауынгерден айырылу ауыр шығын. Қарулы күштерде болған әрбір жағдайды әскери полиция қызметкерлері және басқа да қылмыстық қудалау органдары мұқият тексереді. Тексеру нәтижелері өзіне-өзі қол жұмсау көп жағдайда әскери қызмет өткерумен байланысты емес екенін көрсетті. Әскерге шақыруға дейінгі кезеңде әскери қызметшілерді осындай әрекетке итермелейтін әр түрлі өмірлік жағдайлар кездесетінін ескеру керек» делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
«Қорғаныс министрлігінің бастамасымен ғылым, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен әскери ортада орны толмас шығындарды барынша азайтуға және суицидтің алдын алуға бағытталған «Өмірді сақта» кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр. Еліміздің күштік құрылымдарының қызметі туралы толығырақ осы ведомстволардың ресми сайттарынан таныса аласыздар. Барлық сұрақтар бойынша Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласуға болады» деп атап өтті министрліктегілер.