Қостанайда облыстық соттың судьясы пара алу кезінде ұсталды

19 тамыз, 09:45

Қостанай облыстық сотының судьясы ірі көлемде пара алу кезінде ұсталды. Жоғарғы соттың мәліметінше, судья Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Жоғарғы Соттың Ішкі қауіпсіздік бөлімнің өзара іс-қимылы нәтижесінде қолға түскен.

«Ақша мүдделі тараптың пайдасына соттың оң шешімін алу үшін көзделген. Басқа ақпарат тергеудің мүддесі үшін жарияланбайды. ҰҚК-нің Тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде» делінген Жоғарғы соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Журналист Михаил Козачковтің Telegram-каналындағы мәліметке сенсек, парамен ұсталған күдікті Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Асқар Дарбаев болуы мүмкін. Пара сомасы - 19 млн теңге.