Шымкентте 5 сынып оқушысының өлімі: Алдын ала болжам айтылды

12 желтоқсан, 10:04

5 сынып оқушысының туыстарына алдын ала мәліметтер бойынша, тромб үзіліп, салдарынан миға қан құйылған деген анықтама берілген. Оқушының туған ағасы дәрігерлер сараптамадан соң қыз баласында менингит болғанын айтқанын алға тартты.

Еске салсақ, 10 желтоқсан күні кешкі уақытта Шымкентте 5 сынып оқушысы өз үйінде кенеттен қайтыс болды. Жақындарының айтуынша, оқушының сол күні екі рет жүрегі айныған. Кейін дәрі ішіп, ұйқыға кеткен ол сол күйі оянбаған. Ессіз жатқан қызды көрген туыстары жедел жәрдем қызметін шақырғанымен, ақ халаттылар оның қайтыс болғанын анықтады.

Марқұмның ағасы өлім себебіне үлкендерді кінәлайды. Себебі сараптамадан соң сарапшылар өлім себебі менингит болуы мүмкін деген тұжырым жасаған.

"Бұл - үлкендердің кінәсі. Менингит дертін емдемеген. Үйде де, мектепте де бақыланбаған. Маған қарындасымның мектепте те құсып, қиналғанын айтты. Сонда мұғалімдер оны байқамаған ба? Әлде жай ғана назар аудармаған ба? Анасы да кінәлі. Неге ол өз баласына қарамаған?"- деді журналистерге марқұм оқушының ағасы.
Ал мектептегілер болса, оқушы 9 желтоқсанда сынып жетекшісіне бас ауруына шағымданғанын айтты. Келесі күні ол мектепке келмеген.

Енді оқушының нақты неден қайтыс болғаны тек бір айдан соң белгілі болады. Себебі нақты сараптама қорытындысы сол уақытта шығады.