​Астана атауы расымен де Нұрсұлтанға ауыса ма?

20 наурыз, 14:52

Жуық арада «астаналықтар» сөз қолданыстан шығып қалатын секілді. Енді ел астанасының тұрғындары қалай аталады? Нұрсұлтандықтар болуы әбден мүмкін.

Қазақстан халқына ант беру барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынды.

Айта кетейік, мұндай ұсыныс бұған дейін бірнеше рет айтылған. Алғашқы ұсыныс астананың 10 жылдығында айтылды. Сонда Қазақстанның Тұңғыш Президенті қысқа ғана: «Мен әзірге Президент болып тұрғанда, көзім тіріде бұған жол бермеймін. Жалпы, мен мектептер, көшелер мен қалаларды адамдардың атымен атауға қарсымын. Бұл – тарих. Тарихи атауларды сақтау керек» деп жауап берді.
Елбасының осы мәлімдемесіне қарамастан 2016 жылы мәжілісмендер астананы Тұңғыш Президенттің есімімен атауды тағы ұсынды.
Айта кетейік, қаланың атын өзгерту туралы шешімді ономастикалық комиссияның тұжырымдамасы мен қала тұрғындарының пікіріне қарай отырып Қазақстан Президенті қабылдайды.
Алғашқылардың бірі болып өз пікірлерін парламент Депутаттары білдірді. Олар да Парламентте жүрген уақытында болса да осы қаланың тұрғындары.
Нақты айтқанда Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко Астана қаласының атауы бұл жолы Тұңғыш Президенттің атымен өзгеретініне сенімді. Журналистердің сұрағына жауап берген ол:
«Бұл ұсыныс заңмен қабылдануы тиіс. Мен Парламент бұл ұсынысты бірауыздан қабылдайды деп сенемін. Бізге не кедергі? Кешіріңіздер, Президент (Елбасы) Президент болып тұрғанда бұған рұқсат бермеді, ал жаңа президенттің бұл ұсынысты жасауға толық құқығы бар, ол ұсыныс қабылданады деп ойлаймын» деп жауап берді.
Бұл жолы астананың атауы өзгеретініне ешқандай кедергі жоқ сияқты, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, тіпті, қазақстандықтарды елдің бас қаласының жаңа атауымен құттықтады.
«Бұл – дұрыс әрі салмақты шешім, Астанаға қанша еңбек, қаншама күш-қуат жұмсалды. Көз алдарыңызға елестетіңіздерші – Астана – бұрынғы облыс орталығы, Целиноград, Ақмола. Ал бүгінгі Астана – бұл әлем мойындаған халықаралық орталықтардың бірі, Евразияның ең көркем әрі дамыған қаласының бірі. Мұның барлығы Елбасының саяси алғырлығының нәтижесінде жүзеге асты. Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімі өте дұрыс, заңды, біз оны қолдаймыз және астаналықтарды, бүкіл қазақстандықтарды осы шешіммен құттықтаймыз».
Ал әділет министрі Марат Бекетаев қала атауын өзгертуді бастау үшін Конституцияға өзгерістер енгізу керек деді.
«Астананың атауы анықталып, Конституцияда бекітілген. Тіиісінше, бұл жағдайда барлық процес Конституциямен реттеледі. Бұл заңдылықты мұқият оқу керек. Бекітілген тәртіппен барлық өзгерістер енгізіледі», - деді әділет министрі.
Айта кетейік, бұл елдің Конституциясына енгізілгелі отырған алғашқы өзгеріс емес. Елдің Ата заңы 6 рет өзгеріске ұшыраған: 1993, 1998, 2007, 2011 жәнеи 2017 жылдары. Соңғы өзгерістер 2018 жылдың маусым айында енгізілді.