27 қараша, 17:00
Шымкент қаласының әкімі күн райы жылыған соң автокөліктен бас тартып, велосипедке отыруды жоспарлауда. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
– Қыс біткен соң мен велосипедке ауысып, жұмысқа велосипедпен қатынаймын деп отырмын. Осылайша Шымкентті велосипедшілер қаласына айналдырып, студенттер, жалпы, барлық жастар велосипедке мінсе дейміз. Біздегі күн райы қолайлы, қыс ары кетсе екі айға – қаңтар-ақпан айларына созылады. Соның өзінде 0-5 градус. Болашақта велосипед Шымкенттегі негізгі қозғалыс көлігіне айналады деп ойлаймын, - деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Осы орайда әкім қол астындағы шенеуніктердің де велосипедке отыруы мүмкін екенін жоққа шығармады.
– Егер мен велосипедке ауыссам, қаладағы қалған қызметкерлер де велосипед айдай бастайтыны түсінікті болар. Дегенмен, ешқайсысын қинау жоқ, жай ғана үндеп жүремін. Көбісі өз еркімен велосипед айдағысы келеді. Себебі, велосипед айдау – рахат, денсаулыққа пайдасы мол, бензин сатып алудың, көлік тұрағына шығындалудың қажеті жоқ, - деді әкім.
Әрине, бұл үшін арнайы инфрақұрылым керек екені белгілі, сондықтан, Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуынша, Шымкентте 2019 жыл велосипед инфрақұрылымын құруға арналмақ.
– Көбісі велосипед айдау оңай деп ойлайды. Отырып, кете бересің. Ал негізі ол үшін арнайы инфрақұрылым қажет, велосипедшіні көлік қақпай, жолдарда еркін бұрулы үшін жағдай жасалуы керек, - деп қосты қала әкімі.