27 желтоқсан, 17:00
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес нысандары салық рақымшылығына ілігіп, олар салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда айыппұлдар мен өсімпұлдар шегеріледі. Осыған орай Қаржы министрлігі дайындалып жатқан өзгерістердің статистикасын жариялады, деп жазады Zakon.kz.
Өзгерістер жобасында шағын және орта бизнес нысандары 2018 жылдың 1 қазанына дейінгі негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін төлеген жағдайда айыппұл мен өсімпұлды шегеру қарастырылған..
Бұл тұста мониторинг жасалуы тиіс ірі салық төлеушілер, табиғат қойнауын пайдаланушылар (пайдалы қазбаларды, емдік балшықты өндіру құқығына ие болғандықтан ғана осындай нысан болып саналатындарын қоспағанда), акциздік өнімдерді өндірушілер салық рақымшылығына ілінбейді.
Алдын ала мәлімет бойынша рақымшылыққа 90 077 шағын және орта бизнес субъектісі ілігеді (31 210 заңды тұлға және 58 867 жеке кәсіпкерлер), олардың салық қарызы шамамен 340,6 млрд теңгені құрайды. Ал алынып тасталатын өсімпұлдың жалпы сомасы 122,9 млрд теңгені, айыппұлдар 7,3 млрд теңгені құрайды, олар 210,4 млрд теңге негізгі борыш төленген жағдайда шегеріледі.
Бұған қоса 2018 жылдың 1 қазанынан бастап негізгі қарызды төлегенге дейін салынған өсімпұл да шегеріледі. Өсімпұл мен айыппұлдың жиналып қалған қарызынан құтылу үшін салық төлеушілер 2018 жылдың 1 қазанына дейінгі негізгі салық қарызын бюджетке төлеуі тиіс.
Тиісті өзгерістерді енгізу қарастырылған заң жобасы қабылданған соң Қаржы министрлігі тарапынан салық рақымшылығын енгізу механизмін қарастыратын өсімпұлдар мен айыппұлдарды шегеру Ережесі бекітіледі.
Министрлікте айыппұл мен өсімпұлды шегерудің алдын ала жұмыстары 2019 жылдың наурызында жүргізіледі. Қазақстанда айыппұл мен өсімпұлды шегеру рақымшылығы үш рет жүзеге асырылды: 1997-1999 жылдары, 2011 және 2015 жылдары.
Салық рақымшылығын жариялау туралы Нұрсұлтан Назарбаев 5 қазан күні жариялаған болатын.
Автор:
Elitar.kz