Ақмолада бұлшық еттерін өсірмек болған жасөспірімдер естерін жиды

27 мамыр, 10:53

Ақмола облысында фармакологиялық препараттың көмегімен бұлшық еттерін өсірмек болған төрт жасөспірім өз-өздеріне келді. Олар жан сақтау бөлімінен соматикалық бөлімшеге ауыстырылды, деп хабарлайды Sputnik.​

Жасөспірімдер аудандық ауруханаға таңертең сағат үштен кейін бірінен кейін бірі түскен. Олар 16, 14 және 13 жаста. Бәрі Олжабай батыр ауылында тұрады.

Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, балалар ауыр жағдайда болған, қатты уланғаннан денелері құрысып, жүйке жүйесі зақымданған.

"Жасөспірімдердің финлепсин препараты арқылы бұлшық етін өсірмек болғаны анықталды. Әрқайсысы 15 таблеткадан ішкен", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Балаларға дәріні ауруханаға түскендердің бірі берген. Айта кетейік, ол "эпилепсия" диагнозымен диспансерде есепте тұрады.

Қазіргі таңда жасөспірімдер жан сақтау және қарқынды терапия бөлімдерінде жатыр.

Финлепсин препараты эпилепсияны емдеуде, соның ішінде науқастың ұстамасы ұстаған жағдайда қолданылады. Осыдан кейін дәрі ұлдардың бірінің қолына қалай түскені айтпаса да түсінікті болса керек. Препаратты мөлшерден тыс тұтыну жүрек пен бүйректің жұмысын, қан түзу, тыныс алу жүйесін бұзады. Бұлшық етті өсіру әсері дәрігерлерге белгісіз.