Екібастұздық полицейлер топырақ басып қалған 8 жасар баланы құтқарды, деп хабарлайды Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне cілтеме жасай отырып, Elitar.kz.
Екібастұз полиция басқармасының учаскелік инспекторы аға лейтенант Тахир Касумов Мәшһүр Жүсіп көшесі, №105 үйдің ауласында екі баланың орға түсіп кеткені туралы шақырту алып, оқиға орнына жедел жеткен.
«Кәмелеттік жасқа толмаған 2011 және 2012 жылғы балалар, аулада ойнап жүріп, тереңдігі 2,5 метрлік шұңқырға түсіп кеткен және топыраққа көміліп қалған. Жақын жерде тұрған жанармай құю бекетіне кішкентай бала жүгіріп келіп, кассирден екі досының орға түсіп кеткенін айтып, көмек сұраған. Болған оқиғаны бірден полицияға хабарлаған. Бір баланы шығарып алған, ал екіншісі топырақтың астынан көрінбеген», - делінген хабарламада.
Полицей Тахир Касумов ойын баласының топырақ астына көміліп қалғанын көрген. Ол төмен түсіп, топырақты қолымен қаза бастаған. Осылайша полицей 8 жасар баланы топырақ астынан шығарып алған. Тәртіп сақшысының қырағы әрекетінің арқасында бала өлім аузынан қалды.
«Үйінді
астынан баланы шығарып алып, оны арқасымен
жатқызған. Аузын құмнан тазартқан. Бала
ес-түссіз жатты. Тахир оған жасанды
тыныс алу мен жүрегіне массаж жасап,
аман алып қалды», - деді баспасөз
қызметіндегілер.
Екі бала да жедел жәрдеммен Екібастұз ауруханасына
жеткізілді.