ҚР ІІМ егде кісіні құтқару оқиғасымен Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында бөлісті, деп жазады Elitar.kz.
68 жастағы зейнеткердің айтуынша, 29 желтоқсан күні өз жұмыстарымен Қостанай қаласына келеді. Кешке дейін ісін бітіріп, жолға шығайын десе, автобустың соңғы рейсіне кешігіп қалыпты. Содан Рудный қаласына жолай көлікпен жетпек болады. Дегенмен, жолда кетіп бара жатқан жалғыз жолаушыға ешқандай көлік тоқтамай қояды.
Бахыткерей Закирұлы сонда да жолынан қалмай, көліктердің біреуі тоқтауы мүмкін деп, алға қарай жүре береді.
Аяқ-қолдары қатты тоңған кісі, сонда да болса, Семилетке ауылына жетіп үлгереді. Осы уақытта оған қарсы бағытта патруль көлігі келе жатады. Полицейлер қарияны көріп, бұрылып келеді.
Қатты тоңған Бахыткерей Бигижановтың сөйлеуге әрең шамасы келеді. Жағдайды әзер түсіндіреді. Полицейлер жолаушыны көлікке отырғызып, Рудный қаласына жеткізеді. Ер кісіні үйге кіргенше күтіп тұрып, ары қарай өз жұмыстарымен кете барады.
Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетовке жолдаған хатында зейнеткер тәртіп сақшыларының үйін шақырып, шай бермегеніне өкінетінін жазады. «Сол жігіттерге шын жүректен рақмет айтып, қасымнан өтіп кетпей, жағдайды біліп, жолдарынан қияс болса да тез арада үйімен жеткізгендері үшін алғыс білдіремін. Олар менің жағдайымды түсінді...», - деп жазады Рудный тұрғыны.
Бахыткерей Закирұлы патрульдік көліктегі борт нөмірді есінде сақтап қалыпты. Айтуынша, полицияның қиын жұмысымен жақсы таныс, себебі інісі бір кездері қылмыстық іздестіру саласында істеген.
Ал мерекеден кейін Бигижанов бірден Қостанай қаласына келіп, өзін құтқарған азаматтарды іздестіреді. Тәртіп сақшыларының аттарын Қостанай облыстық полиция департаментінің патрульді полиция батальонынан біліп алады.
Сол 29 желтоқсан күні Қостанай-Рудный тасжолында полицияның аға сержанттары Ыбрай Рахымғалиев пен Қайнар Құрапбергенов қызметте болған екен.
Полицейлердің өздері көлік жүргізушілеріне де, жаяу жолаушыларға да жиі көмекке келетіндерін айтады. Тәртіп сақшылары тек қоғамдық тәртіпті қадағалап қана қоймай, адамдарға да көмектесуге әрдайым дайын, дейді қарапайым қаһармандар.
Ал зейнеткер енді олай тәуекелге бас тікпеуге уәде беріп отыр.