​Түркістан полицейлері боранда қалып қойған жүргізушілерге көмектесті

21 ақпан, 12:37

Түркістан облысы, Созақ ауданында полицейлер жүк көлігінің тоңған жүргізушілеріне көмектесті. 18 ақпаннан 19-ына қараған түні Созақ АПБ-не боранда қалып қойған жүргізушілер хабарласып, көмек сұрайды. Кезекші тез арада жүргізушілердің тұрған жерін рациямен полицейлерге хабарлап, көмекке жібереді.

Көрсетілген мекенжайға Созақ АПБ жергілікті полицияның учаскелік инспекторы Марат Тұқышев аттанады. Арада 20 минут өткенде Жартытөбе ауылының жанынан жолда тұрып қалған, тіркемесі бар жүк көлігін көреді. Боран мен көктайғақ салдарынан жүргізушілер қырға шыға алмай қалыпты. Учаскелік инспектор жүргізушілерге көмек көрсетіп, жылыту орындарының біріне жеткізді. Одан кейін жүк көлігін қар құрсауынан шығаруға көмектесті.
Қар құрсауынан құтқарылған жүргізушілер, Түркістан облысының тұрғындары Айдос Асанбай мен Жанболат Құралбай полиция аға лейтенанты Марат Тұқышевқа және Созақ АПБ қызметкерлері өздеріне көрсеткен көмектері үшін алғыс айтып, жолға шықты.
Созақ АПБ басшылығы аға лейтенант Марат Тұқышевқа боранда қалған адамдарды құтқарудағы кәсіпқойлығы үшін алғыс білдірді.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде төтенше жағдайларға тап болмас үшін облыс тұрғындары мен қонақтарына ауа райы бұзылған кезде мүмкіндігінше жолға шықпауға, ал қиын жағдайда полицияға хабар беруге шақырады.