Сарбаз бен оның командирі жеңіл жарақатпен құтылды. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, артынша әскери бөлімге босатылған.
Қатардағы сарбазды граната жарықшағынан құтқарған әскери қызметші мемлекеттік марапатқа ұсынылмақ. Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы полковник Қайрат Үмбетовтің ерлігін осылай бағалады. Оқиға Қарағанды облысында болған.
Қарабас кентіндегі оқу-жаттығу алаңында жауынгер Абзал Сұлтанқұлов гранатаны алысқа лақтыра алмай, жарылғыш зат окоп шетіне домалаған. Сарбазға қауіп төнгенін байқаған полковник Үмбетов оны кеудесімен басып, гранатаны аулаққа лақтырып, жарылыстан қорғап қалды.
Әскерилердің айтуынша, мұндай қауіпсіздік шарасы болмағанда, олардың аман қалуы екіталай еді.