Түркістан облысының прокуратурасы мемлекетке 1 млрд 300 млн теңге қайтарды

31 қаңтар, 13:30

1 млрд 300 млн теңгеден астам қаржы – мемлекетке иелігіне қайтарылған 500-ден астам жер учаскесінің кадастрлық құны осындай. Бұл учаскелердің аумағы 33 мың гектардан асады. Сонымен қатар 879 млн теңгенің шығыны өтеліп, жалпы құны 1,1 млрд теңгенің мүлкі қайтарылды.

Түркістан облыстық прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысында басқа да мәліметтер айтылды. Мысалы, Түркістан облысында прокурорлардың араласуының нәтижесінде жалақы қарызы 38 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін төмендеді.

Түркістан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлар 2 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтап, жөндеуге қатысты іс-шаралар қабылданды. 224 заңсыз акті тоқтатылып, өзгертілді, ал 1,5 мыңға жуық кінәлі тұлғалар түрлі жауапкершілікке тартылған.
Түркістан облыстық прокуратурасы, сонымен қоса, әкімшілік айыппұлдарды өндіру саласында да бақылауды күшейтпек, себебі 2017 жылмен салыстырғында 2018 жылы әкімшілік айыппұлдарды өндіру тиімділігі 3%-ға төмендеген. Бұл сот орындаушыларының айыппұлдарды өндіру бойынша шараларды дер кезінде және толық қолданбауының салдарынан болып отыр. Мысалы, өтелмеген әкімшілік айыппұлдары бар көлік иелері ұсталған соң ғана мемлекет қаржысына 71 млн теңгеден астам айыппұлдар өндірілді.