​Прокурор: Денис Теннің өліміне күдіктілер асхана пышағымен қаруланған

03 қаңтар, 16:36

Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы күдіктілердің спортшының бетінен белдікпен және санынан пышақпен ұрғанын мәлімдеді.

Ол Денис Тен мерт болған оқиғаның қалай болған нұсқасын оқып берді.

«Алматы қаласы Жетісу ауданындағы «Магнумға» келген айыпталушылар Қытайда жасалған қолғаптар мен асхана пышағын сатып алады. Толыбаева мен Қиясовтың айтуынша, сатып алынған заттарды Құдайбергенов өз сөмкесіне салып алған. 19 шілде күні сағат 14:30-да Құрманғазы көшесінің бойымен кетіп бара жатып күдіктілер Байсейітов көшесімен қиылыста Теннің машинасын көреді. Сол көліктен бір орам алыс жерге тоқтаған олар көліктерін қалдырып, Теннің машинасына дейін жаяу келеді.
Олар алдымен ешкім көріп тұрмағанына көз жеткізу үшін жан-жақты бақылап алады. Содан кейін Құдайбергенов пен Қиясов қолғап киіп, іске кіріседі. Толыбаева біреу келіп қалса, оларға ескертуі тиіс болатын, бірақ, үлгермеген. Сол сәтте кафеде отырған Денис Тен көлігінің бөлшегін ұрлап жатқан белгісіз адамдарды көрген соң далаға жүгіріп шығады. Бірақ ұрылар Дениске тап беріп, айнаны қолынан тартып алады да қашып кетеді», - деді прокурор.
Күдікті Құдайбергенов Байсейітов көшесіне қарай жүгірген сәтте спортшы оны қуып жетіп, алыса кетеді. Құдайбергенов белдігін шешіп алып, Денистің бетінен ұрған. Ал Қиясов осы сәтте пышақты рюкзактан суырып алып, артынан сұғып алады. Прокурордың сөзінше, автоұрылар ұрлықты білдіртпес үшін көлік иесін өлтіруге шешім қабылдап, бірі спортшыны ұстап тұрса, екіншісі екі рет пышақ жарақатын салған.

Белгілі болғаны, құны 199 мың теңге тұратын көліктің айнасын күдікті Арман Құдайбергенов шешіп алған.