ШҚО-да кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалаған прокуратура қызметкерлері ұсталды

19 желтоқсан, 12:00

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҚР Бас прокуратурасының Ішкі тергеу департаментімен бірлесіп, прокуратура органдары лауазымды адамдарының жеке кәсіпкерлік өкілінен аса ірі мөлшерде ақшалай қаражатты қорқытып алумен байланысты әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, 2019 жылдың 10 желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында кәсіпкерден 50 млн теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатты алу кезінде ҚР Бас көлік прокуратурасы Қылмыстық қудалау басқармасының аға прокуроры және ШҚО прокуратурасы Қоғам мүдделерін қорғау басқармасы бастығының орынбасары ұсталды.

Ұсталғандарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 4-б. 2-т. («Қорқытып алушылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.