21 қараша, 16:00
Рой Джонс шақыруды қабыл алды, дегенмен, Шымкентке әзір келген жоқ. Дәнекерлеуші Сергей Бегун-Олевич қызықты оқиғасын Elitar.kz тілшісімен бөлісті.
Сергей Бегун-Олевич ТЭЦ-3 жылу беру мекемесінде дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Айтуынша, бұл кәсіпорын – жұмысы бір минутқа да тынбайтын алып механизм. Соның ішінде қала тұрғындарының үйлеріне жылу баруы дәнекерлеушінің де жұмысына байланысты.
Бірақ, ол бұл жұмысы емес, өзінің құмарлығы – футбол туралы әңгімелейді. Доп тебуді бала кезінен бастаған екен. Содан бері 13 жасар кезінде турнирге қатысып, үздік қақпашы марапатын жеңіп алғанын тебірене еске алды. Қарапайым ғана статуэтка бозбала үшін бүкіл әлемнің алтынынан қымбат болған. Әлі үйінде сақтаулы тұр!
Футболға деген құмарлық қазіргі жұмысында да өзі сияқты әуесқойларды табуға көмектесті. Ал биыл ТЭЦ-3 командасы Еуразиялық энергетикалық компаниялар тобының кәсіпорындары қатысқан көпсайыс турнирінде бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан Рой Джонс өзінің қолтаңбасы қойылған бокс қолғабын бас төрешіге беріп, турнирдің үздік ойыншысына тапсыруды сұраған.
Қолғапты марапатқа алған Сергей үйіне келген соң әйгілі боксшыны Шымкентке қонаққа шақырып, видео-үндеу жазады. Содан кейін өзінің шақыруын боксшының Instagram-аккаунтынан көрген сәтте таңданысында шек болған жоқ. Дегенмен, Рой Джонстың Шымкентке келер-келмесін анық білмейді.
Дегенмен, боксшы Шымқалаға келсе, Сергей Рой екеуінің ортақ әңгіме табарына сенімді. Екеуі де спорт десе, ішкен астарын жерге қояды, музыкамен әуестенеді. Ал былғары қолғап Сергейдің пәтерінің ең көрнекі жерінде сақтаулы тұр.