​Шымкентте тұрғын үй инспекциясының экс-басшысына сот үкімі шықты

10 желтоқсан, 18:10

Шымкент қаласы Әл Фараби аудандық соты қалалық тұрғын үй инспекциясының бұрынғы жетекшісі Марат Жұманов пен оның сыбайласы Сүйін Абулдаевқа қатысты үкім шығарды. Екі айыпталушы да 5 жылдан абақтыға жабу жазасына кесілді, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Экс-шенеунікке жалған мәлімет берген және жалға мәлімет беруге арандатқан деген айып тағылса, оның жолдасына жалған куәлік берді деген айып тағылды. Екеуі де кінәсіз әйелді қылмыстық жауапкершілікке тартпақ болған.

Тұрғын үй инспекциясының бұрынғы басшысы Жұманов Гаухар Сүйіпбергенованы өзінен 10 миллион теңге және 65 мың доллар алып, сол ақшаны қайтармады деп айыптаған. Ал өзі бұл әйелге ешқандай ақша бермеген. Экс-шенеунік, тіпті куәгерлер де шақырып, олар әйелдің ақша алғанын өз көздерімен көргендерін айтқан.

«Жұманов өз арызында азаматша Сүйіпбергеноваға ақша берген сәтін көрген 3 куәгер бар екенін көрсеткен. Үш куәгердің біреуі ақша берген сәтте болмағанын бірден айтты. Қалған екеуі – Абулдаев пен Сүйірқұлов ақшаның үш жерде қалай берілгенін жеткізген. Екі рет – Шымкентте, бір рет - Таразда. Кейін тергеу барысында ақша берген сәтте бұл куәгерлердің болмағаны анықталды. Оны екеуі де мойындады, Жұмановтың өтінішімен осындай куәлік бергендерін айтты. Ал куәлерге жалған куәлік беру әрекетіне жаза қарастырылатыны ескертілген. Сүйіпбергеноваға аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша ауыр айып тағылған болатын. Сүйірқұлов тергеу барысында өзінің ол сәтте болмағанын, солай куәлік беруін өтінгенін айтты. Оның үстінен қозғалған іс жабылды, себебі ол сотқа дейін өз куәлігін қайтып алды. Ал Абулдаев куәгерді айыптап, тергеу барысында түсінік беруін бірнеше рет өзгертті. Сондықтан іс қозғалды. Тағылған айыптар ауыр, себебі адам біреуді ауыр қылмыс жасады деп айыптағанда өзі де ауыр қылмыс жасайды. Ол үшін 5 жылдан 10 жылға дейін абақтыға жабу жазасы қарастырылған. Екеуі де өз кінәларын мойындамады, өкінбеді, сондықтан жазаны жеңілдететін тұстар жоқ», - деді Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Еркебұлан Төлешов.

Марат Жұманов пен Сүйін Абулдаев сот залынан қамауға алынды. Бұған дейін олар кепілдікпен босатылған болатын. Үкім оқылған соң тұрғын үй инспекциясының бұрынғы басшысының жұбайы жәбірленуші Гаухар Сүйіпбергеноваға бас салып, оны ұрмақ болды. Дегенмен, залдағы адамдар екеуін ажыратты.


Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, айыпталушылардың шағымдануына 15 күн бар.