«Шекесіне тимейді екен»: Бұрын сотты болған автоұры тағы да ұсталды (ВИДЕО)

08 қаңтар, 13:33

Алматы облысында полицейлер ауыл тұрғынына ұрланған БМВ-528 көлігін қайтарды. Шетелдік көлік ұрлығы туралы суыт хабарға дер кезінде дабыл қағып, "Ұстау" операциясын сәтті өткізген Ескелді аудандық полиция қызметкерлерінің еңбегі нәтижесінде иесіне қайтарылып отыр, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

"Автокөлік Қарабұлақ ауылындағы дүкендердің бірінің алдына қойылған. Жәбірленуші көлік ұрлығы туралы дер кезінде хабар беріп, аудандық полицейлердің қырағылығы нәтижесінде ұрланған көліктің қайда екені көшелердегі видеокамералардың көмегімен анықталды. Дереу "Ұстау" жоспары іске қосылды. Полицейлерді көргенде алдымен көлікпен, кейін қар басқан егістік арқылы қашқан күдікті ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді" делінген баспасөз қызметі берген мәліметте.

Ұсталған азамат Талдықорған қаласының 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұған дейін ұрлығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Өз кезегінде көлігі табылған азамат күдіктінің ұсталған сәтін телефон камерасына түсірген видеоны жариялады.
Көлік ұрлау фактісі бойынша ҚР ҚК 200-бабына ("Көлік құралын заңсыз иелену") сәйкес іс қозғалып, сотқа дейінгі тексеру жүруде. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілген. Тергеу барысында күдіктінің өңірде тіркелген осында қылмыстарға қатысы тексеріледі.