ҚР Сыртқы істер министрлігіндегілер Ресейде асылып өлген шымкенттіктің денесі елге жеткізілетінін мәлім етті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
«Қайғылы оқиға 30 қаңтар күні болды. Жас жігіт тікелей эфирде қаза тапты. Таяуда ғана мәйітті сойып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Өлікті сою ешқандай да зорлық-зомбылықтың жоқ екендігін көрсетті. Таяу күндері туыстары мүрдені Шымкентке алып келеді, ол сол жақтың тумасы. Консулымыз туған-туыстарымен, жергілікті полициямен тікелей байланысқа шығып, оларға қажетті барлық көмекті көрсетіп жатыр. Ол өз еркімен өмірден өтуге шешім қабылдаған. Небәрі 18 жаста болған. Ол 26 қаңтарда Шымкенттен Новый Уренгой қаласына кеткен»,-деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров. Оның айтуынша, мүрдені елге жеткізу мәселесі оның туған-туыстарымен бірге шешіледі. Тергеу амалдарына байланысты оқиғаның мән-жайы әзірше жария етілмейді.