Түркістандық оқушылар арасындағы әлімжеттік: Ата-аналар өз-өзіне келе алмай отыр

23 қаңтар, 17:01

Бұл туралы ELitar.kz порталына Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова мәлім етті. Қазіргі атңда бұл жағдайдың анық-қанығы анықталуда.

Оның айтуынша, төменгі сынып оқушыларын қорлаған жеткіншектерге қатысты бас бостандығын шектеу шаралары қолданылмаған. Ал жәбірленген оқушылармен психологтар жұмыс істеуде. Бұған қарамастан жоғарғы сынып оқушылары да, жәбірленген балалар да мектепке барып жүр. Ал әлімжеттік көрсеткен жеткіншектердің ата-аналары қатты шошып қалған.

«Олар өз балаларынан мұндайды еш күтпесе керек. Қазір тексеру жүруде», - деп қосты ол.

Еске салайық, 21 қаңтар күні әлеуметтік желілерде бір топ жеткіншектің төменгі сынып оқушыларын моральды түрде қорлап, ұрып-соққан әрекеттерінің видеосы тарап кетті.
Сол күні кешке облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы және оқушылары төбелеске қатысқан үш мектептің директорлары қатысқан шұғыл жиын өтті.
Брифинг барысында қалалық білім бөлімінің жетекшісі Ақмарал Батырбекова оқиға үш күн бұрын – 18 қаңтар күні сағат 17:00-де болғанын айтты.
«Полиция төбелеске қатысқандарды анықтады, қазір тергеу амалдары жалғасуда», - деді ол.
Өз кезегінде тергеу бөлімінің жетекшісі Болат Елмұрзаев жасы кәмелетке толмағандарға қатысты тергеу туралы айтты. Ата-аналардың, мектеп басшылары мен ювеналды полиция топтарының жауапкершіліктері қаралуда. Оқиға облыстық білім беру департаменті мен облыстық полиция департаментінің бақылауына алынған.
«Тергеу жалғасуда, сондықтан әзірге төбелестің себептері туралы айту ертерек. Жәбірленушілердің жағдайы бірқалыпты. Олар мектепке барып, сабаққа қатысуда», - деді баспасөз қызметі.
23 қаңтар күні Түркістан облыстық білім басқармасының өкілдері бізге істі облыс прокуроры бақылауға алғанын хабарлады.