Қазақстанда 15-20 қаңтар күндері ақылы түрдегі ҰБТ өтеді

11 қаңтар, 11:55

​Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу жылына 4 рет – қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өтеді. Ақылы тестілеудің бағасы – 2242 теңге. Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің айтуынша, 2019 жылғы ҰБТ тәртібі өзгермейді, деп жазады Elitar.kz тілшісі ҚР Премьер-министрінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы ҰБТ-ға қатысу тест тапсырушыға жоғарғы оқу орындарына ақылы оқуға құжат тапсыруға негіз болады. Қаңтар айындағы сынақта шекті балды жинаған тест тапсырушы ҰБТ сертификатымен ЖОО ақылы бөліміне түсе алады, ол үшін шекті балды жинаса болғаны. Айта кету керек, қаңтар айында ҰБТ тапсырған талапкер маусым айында негізгі ҰБТ тапсырып, мемлекеттік білім гранттарының конкурсына да қатысуына мүмкіндігі болады.

«Мемлекеттік білім грантынан үміткер талапкерлер 2019 жылдың маусым-шілде айларында өтетін негізгі ҰБТ тапсыруға міндетті. Тестілеуге қатысуға өтініш тапсыру үшін Ұлттық тестілеу орталығының тұрғылықты мекенжайы бойынша ҰБТ өткізу орындарына хабарласу керек», - делінген ҚР БҒМ материалдарында.
2019 жылғы ҰБТ тапсыру тәртібі өзгермейді. Талапкер дәстүрлі 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және тиісті 2 салалық пәннен сынақ тапсырады.
Қаңтар және наурыз айларында талапкер тестті өзіне ыңғайлы кез келген ҰБТ өткізу орталығында тапсыра алады. Тестілеуге қатысу үшін көрсетілген мерзім ішінде ҰБТ өткізу орталығына өтініш берсе болғаны.