​Сарапшылар: Алматылықтар құбыр суын еш қорықпастан іше беруіне болады

06 ақпан, 12:00

Өткен жылы Алматыда құбыр суынан 500 мың сынама алыныпты. Нәтижесінде тіршілік нәрінің сапасы, әсіресе, қыста арта түседі, бұл уақытта таудың суы аса тұнық болатыны белгілі болды, деп xабарлайды Elitar.kz.

Айта кетерлігі, су тұтынушыларға жеткенше бірнеше тазарту кезеңінен өтеді. Алдымен қоймаға жиналып, содан сүзгіге түседі. Ұсақ қалдықтардың барлығы осында қалады. Содан кейін ас тұзының көмегімен су залалсыздандырылады. Бір тәулікте бактериаларды толық жою үшін 1,5 тонна натрий гипохлориті қолданылады.

«Алматылықтар ештеңеден қорықпай, құбырдан ағатын суды еркін іше берсе болады. Ал егер суды қосымша тазалап, сүзгіден өткізсеңіздер, онда минералды тұрғыдан тазартылған су болады. Яғни, сіздерге одан кейін минералды суды тұтыну керек, тағамға сүт-айран өнімдерін көбірек қолдану керек болады, себебі, ағзаңызға минералдар жетіспейтін болады. Біздің су өте құнарлы», - дейді «Алматы су» МКК басты тазарту қондырғыларының бас технологы, сарапшы Людмила Еремина.