Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы Жылға ауылының 500-ге жуық азаматы тұрғын үй салу үшін жер телімдеріне ие болды. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіеше, олардың барлығы бірнеше жылдан бері жер кезегіне тұрғандар. Себебі аудан көлемінде 2012 жылдан осы күнге дейін ешбір елдімекенде жер телімдері берілмеген екен. Осыған орай аталған шараға аудан әкімі Мұхит Отаршиев арнайы қатысып, жер иелеріне құқық беруші құжаттарын табыстады.
«Бүгінгі таңда Сарыағаш ауданында 18 мыңнан астам азамат жер телімінің кезегінде тұр. Тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін сұрап жазған өтініштер санын азайту мақсатында Дербісек елді мекеніндегі 70 га жаңа қоныстану аймағын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлдіру үшін облыстық бюджетке ұсынылған. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда аталған аймақ инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады» делінген аудан әкімдігі берген мәліметте.