Шымкенттік қария кандидаттар тізімінен Назарбаевты таппай дал болды

09 маусым, 12:52

Шымкенттегі №2 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген қария кандидаттар тізімінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты іздеген, деп хабарлайды Elitar.kz.

80 жастағы Камал Зияев сайлау учаскесіне ерте келді. Көзі нашар көретін қария тізімнен өзі дауыс бергісі келген кандидатты таппай біраз кідірген. Комиссия мүшелері көзілдірік әкеліп, қарияға көмектеспек болғанымен, одан нәтиже шықпады. Өйткені зейнеткердің іздеген кандидаты тізімде болмай шыққан.

"Қызық болды. Бұл суреттегі кісі "Назарбаевқа дауыс берем!" деп тізімнен елбасыны таппай қиналды... Өзінің жанары онша көрмейді екен. Бəрі жабылып очки мен лупа əкеп берді. Кімге дауыс бердіңіз деп сұрамадым. Кім болса да, Ол АМАНАТ етіп, немересінің болашағын тапсырды....",-деп жазды сайлау науқанына тәуелсіз бақылаушы ретінде бекітілген желі қолданушысы Жанна Тулендиева.


Фото: Жанна Тулендиева.