​Бүгін түнде Қызылорда облысында сағат тілі 1 сағат кері шегеріледі

20 желтоқсан, 19:27

Осылайша Арал маңы бес сағаттық белдеуден төрт сағаттық белдеуге ауыстырылып, осыдан 10 жыл бұрын Астана уақытына теңестірілген күйден «өз» уақытына өзгереді, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Бұл туралы брифингте облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов пен Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің жетекшісі Е.Кеулімжаев мәлімдеді.

Әкім орынбасарының айтуынша, облыстық әкімдік уақытты өзгерту мәселесін бірнеше рет көтеріп, өңір халқымен кең талқылаған. Нәтижесінде ел Үкіметі уақытты бір сағатқа кері шегеру туралы шешімге келіп отыр.
Арал маңында «өзінің» уақыт белдеуін қайтару нәтижесінде халықтың жұмыс өнімділігі артып, ауру-сырқау азаяды деп күтілуде.
Брифингте, сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасының өкілі де болды. Оның айтуынша, қазіргі уақыт қатерлі ісікке шалдыққан науқастар санының жылына орта есеппен 2-3 пайызға көбеюіне қосымша себеп болуда.
– Қазіргі таңда облыста 4600 адам қатерлі ісікпен есепте тұр, - деді денсаулық сақтау саласының өкілі.
Өз кезегінде Кеулімжаев бірқатар ғылыми институттардың мәліметтеріне сүйене отырып сағат белдеуінің ауысуы балалар мен жеткіншектердің ағзасына жақсы әсер етеді деді.
– Ең басты қауіп – табиғи биологиялық ырғақтың бұзылуында. Мұндай өзгеріс, әсіресе, қарт адамдарға, жүрек-қан тамырлары дертіне, жүйке жүйесі ауруларына шалдыққандарға зиян, - деді облыстың бас метрологы.
Уақыттың жергілікті халықтың өміріне әсерін анықтау мақсатында Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы сауалнама жүргізген. 970 адамнан сұрақ-жауап алынды. Нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың 70 пайыздан астамы сағат тілін 1 сағат кері шегеруді қолдаған. Ал Қызылорда облыс әкімінің сағат белдеуін ауыстыру мәселесінде арзан абырой жинап алғысы келіп жүргендер жайында айтқаны туралы сұраққа әкімнің орынбасары Рүстемов қысқа ғана:
– Ешқандай пікір жоқ! – деп жауап берді.
Айта кетейік, шенеунік бұл сұраққа қалай жауап беруді ойлап отырған болуы да мүмкін. Дегенмен, осы жауаппен оның алдын ішкі істер басқармасының жетекшісі орап кетті.