Египеттен келген отбасы карантинге жатудан бас тартты

27 наурыз, 15:20

Египеттен келген Шахтинск қаласының тұрғындары полицейлер мен медицина қызметкерлерін үйлеріне кіргізуден бас тартты. Сол себептен құқық қорғаушылар құтқарушылар көмегіне жүгінген, деп хабарлайды Қарағанды облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиға 25 наурызда Шахтинск қаласында орын алған.

"Египеттен оралған қазақстандықтар қажетті медициналық тексеру жүргізуге келген полицейлер мен медицина қызметкерлеріне үйліренің есігін ашпады. Өрт сөндіруші-құтқарушылар төртінші қабатта орналасқан пәтердің балконына автосаты орнатты. Содан кейін барып үй иелері есіктерін өз бетімен ашты", - деді ТЖ департаментінде.
Азаматтар демалудан қайтып оралғаннан кейін карантиндік оқшаулауды қаламай, үйде өзін-өзі оқшаулауға әрекеттенген. Тек полицейлер тобы шақырылғаннан кейін отбасы Қарағандыда карантинге жатуға келісті.

Айта кетейік, бүгін Қарағандыда коронавирус жұқтырған төртінші адам анықталды.